Әлеуметтік желілерде өскемендіктер қала іргесіндегі мемлекеттік рәміздер тауында тудың жоқ екенін айтуда. Белгілі болғандай, қатты жел байрақты әрдайым тез ауыстыруға мүмкіндік бере бермейді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев облыс әкімдігінің отырысы барысында Өскемен қаласының басшылығына ескерту жасап, мұндай жағдайлар туындамас үшін тұрғындарды хабардар ету қажет екенін атап өтті.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісовтің айтуынша, биыл мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия мүшелерінің қатысуымен рәміздердің қолданылуына қатысты 142 нысанға мониторинг жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 44 бұзушылық анықталды. Көп ескертулер Самар, Зайсан және Тарбағатай аудандарында орын алыпты.
Негізінен мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай келмеуі, тозуы немесе мүлдем болмауы жиі кездескен. Мысалы, Тарбағатай ауданы бойынша білім беру бөлімінде мемлекеттік рәміздер болмаған, ал Тұғыл ауылдық округі әкімі аппаратының маңдайшасындағы елтаңба қолмен салынған екен, Ақжар ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратындағы елтаңба сынған және оңып кеткен. Қазіргі уақытта анықталған олқылықтарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
¬Өскеменнің маңындағы тауда орналасқан мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне қалалықтар үнемі көңіл бөліп отырады. Өткен аптада әлеуметтік желілерде Ұлттық банк ғимаратындағы ту сынға ұшырады.
Облыс әкімдігі өз қаулысымен жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларына рәміздердің стандартқа сәйкестігін қамтамасз етуді, оларды дер кезінде ауыстыруға қаржы қарастыруды, облыстық қоғамдық даму басқармасына, аудан-қала әкімдеріне рәміздердің қолданылуын тұрақты бақылауды жүктеді.