Өскеменде жылу электр орталығын салу жоспарлануда. Бұл туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлімдеді.
– Жаңа жылу электр орталығын салу жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынды. Бұл жобаны жүзеге асыру жылу энергиясының тапшылығын жойып, қаланы одан әрі дамыту үшін қажетті резервті құруға мүмкіндік береді. Бүгінде жылу энергиясына деген сұраныс 1232 Гкал/сағатты құрайды, - деді Нұрлан Рамазанов.
Өскемен қаласында жылу энергиясының тапшылығын азайту мақсатында 2023 жылдың желтоқсан айында «Өскемен жылу желілері» АҚ-ның №2 қазандығын кеңейту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды. Бұл жоба жылу көзінің қуатын 100 Гкал/сағатқа арттыруды көздейді.
Нұрлан Рамазановтың айтуынша, «Өскемен ЖЭО» ЖШС және Энергетика министрлігі жылу қуаты 130 Гкал/сағат 16-шы қазандық қондырғысының құрылысына инвестициялық келісім-шарт жасасты. «Согра ЖЭО» ЖШС қуаттылығы 60 Гкал/сағат 4-ші қазандық қондырғысының құрылысына келісімге қол қою мәселесі пысықталып жатыр. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ағымдағы жобалар шеңберінде жалпы қуаттылығы 58,3 МВт болатын 4 су электр станциясын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданында 2027 жылға дейін 1,4 МВт, 2029 жылға дейін Алтай ауданында 50 МВт және 2029 жылға дейін Зайсан ауданында 6,9 МВт.