Риддер қаласының тұрғындары Қазақстанда АЭС салуға қарсы. 100 адамнан тұратын топ, қоғам белсенділері өздерінің наразылықтарын білдіріп бейбіт шеруге шығуға дайын.
Риддер қаласының тұрғыны Назар Ерназарұлы Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевке 6 қазан күні сағат 10:00-12:00 аралығында Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы, Мәңгілік алау ескерткіші алдында 100 адамнан тұратын топпен бейбіт жиналыс өткізетінін хабарлады.
Бейбіт шерудің мақсаты – Риддер қаласының аумақтық сайлау комиссиясын ауыстыру, АЭС Қазақстан Республикасының аумағындағы құрылысына қарсылық білдіру, Жемқорларға өлім жазасын қолдану туралы заң қабылдау, Облыс әкімі Ермек Көшербаевты орнынан босату.
Назар Ерназарұлы әкімшілік тарапынан бейбіт шеруге шығатындарға жағдай жасап 1 қазақ үйін тігіп беруді, шеруге шығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршау қойып, полиция қызметкерлерін күзетке қоюын сұрайды.
Қала әкімдігі бұл хабарландыруға әлі жауап берген жоқ.