Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті XVI сессиясында облыс әкімі Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан мектептер жайында айтты.
– Шығыс Қазақстан облысында 344 мектеп болса, оның 30-ы тозығы жеткен мектептер. Жыл сайын 10 нысанды күрделі жөндеуге және 80 білім беру нысанын ағымдағы жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. «Қазақстан халқы» қорының қаражаты есебінен 4 ауыл мектебі жаңартылуда. Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен 1 қыркүйекте Өскемен қаласында 600 орындық жаңа мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында – 4,2 мың орындық 10 мектептің құрылысы жалғасуда. 3000 орындық 7 мектеп, 2024 жылы пайдалануға беріледі. 1200 орындық 3 мектеп, 2025 жылы пайдалануға берілетін болады. «Қазцинк» компаниясының қаражаты есебінен Риддер қаласындағы «Шаңырақ» орта мектебінің құрылысы жүргізілуде, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, биыл облыстық бюджет есебінен жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын 500 орындық екі мектептің құрылысы аяқталуда (Зайсан қаласында 300 орындық және Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық).
Облыс колледждерінде техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі 12%-ға ұлғайтылып, 6630 орынды құрады.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде дуальды оқытуды іске асыру – кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес кадрлар даярлау және практикалық оқыту сағаттарын ұлғайу бойынша жұмыс жалғасуда.
Мектеп түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін азайту үшін «Білікті маман» жобасы бойынша жыл сайын облыстың жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік білім беру гранттары орналастырылады.