Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев әскеріндегі тәртіпсіздіктің алдын алуды және әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрады.
– Бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған, - деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққанын. 2024 жылғы маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскенін атап өтті.
– Таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарасынан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Нартай Аралбайұлы мемлекет басшысы жолдауда әскер басшылығы мен құқық қорғау органдарының басшылығы бірінші кезекте сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапты екеніне назар аударды. Өкінішке қарай, әскердегі жағдай бұған сай емес екендігін айтады.
– Өткен жылы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам камера орнатылғанын мәлімдеді. Сол камералардағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? 2022 жылы «AMANAT» партиясы әскердегі әлімжеттік мәселесі көтерген, алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып, сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болуы жалғасып жатыр. Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уәде берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе, - деді депутат.