Астанада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. 5 күні бойы жалғасқан бұл дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысты. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Көшпенділер әлемі этноауылында өткен төрткүл дүние көз тіккен көшпенділер ойындарының жабылу салтанында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің, алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі мақтаныш. Көшпенділер ойынында 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық, мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпенділер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Астана төріндегі ойындардан кейін әлемде этноспортқа деген қызығушылық одан әрі арта түсетініне кәміл сенемін. Айтулы аламанды ойдағыдай өткізуге атсалысқан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Келесі, 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпенділер ойындарының беделі биіктей берсін!, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қырғыз елінде өтетінін жариялады.
Жабылу салтанатының соңында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты символы суға толы торсық Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табысталды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола барлығы 114 медальмен жалпы командалық есепте бірінші орын алды.