"Басқа мемлекетке тәуелді болып қаламыз". АЭС салуға қарсы платформа құрылды


ЖАҢАЛЫҚТАР 11-09-2024, 11:54 0

Алматыда белсенділер "АЭС керек емес" деп аталатын платформа құрғанын хабарлады. Олардың сөзінше, АЭС салынса, жеке компанияға емес, тұтас мемлекетке тәуелді болып қалу қаупі басым.

Платформа құрамында мынадай экологтар бар: Қайша Атаханова, Гүлсім Кәкімжанова, Вадим Ни. Бұдан бөлек энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев пен саясаттанушы Әсел Ізтаева та осы қатарда.

Вадим Ни АЭС салуды "саяси нәрсе" деп есептейді. 

– Энергетиканың өзге нысандары референдумға шығарылмай-ақ салынып жатыр. АЭС-ті салатындардың бәрі – ұлттық компаниялар. Оны жеке компаниялар салмайды және оған қаржыны мемлекет бөледі. Қазір АЭС салуы мүмкін деп шорт-листке енген төрт компания бар. Біз компанияларды таңдап жатқан жоқпыз. Мемлекеттерді шақырып отырмыз. Сол себепті бұл жай ғана саясат емес, геосаясат дер едім. Бұдан қашып құтыла алмаймыз. Атом энергетикасының табиғаты осындай. Ол мықты мемлекеттерге байланған, – деді Вадим Ни.

Сонымен бірге белсенділер АЭС салынса, болашақта экологияға қауіп төнеді деп алаңдайды. 

– Бізге атом электр станциясын қауіпсіз деп айтады. Бірақ осы уақытқа дейін Чернобыль және Фукусима атом электр станцияларында болған апатқа куә болдық. Бұдан аз сабақ алдық па? Әлемде әлі күнге дейін радиоактив қалдықтарды жерге қауіпсіз етіп көмуді ойлап тапқан жоқ. Оны сақтау жөнінде емес, нақты қауіпсіз түрде залалсыздандыру туралы айтып тұрмын, – деді Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова.

2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум қазан айында өтеді деп мәлімдеді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив


Соңғы жаңалықтар