Ғылым және жоғары білім министрлігі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
«Тілтанушы ғалымдар Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды облыстарындағы жоғары оқу орындары мен тілдерді оқыту орталықтарында «и», «й», «ы», «і» әріптерін белгілеу бойынша апробация жүргізді. Қазіргі уақытта апробация нәтижелеріне ғылыми талдау жүргізілуде», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, әліпби жобасын әзірлеумен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және жоғары оқу орындарының тілтанушы ғалымдары айналысуда.
«Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жобасын әзірлеу кезінде тіл мамандары халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбаларына және компьютерде әріптерді танудың Unicode стандартына, сондай-ақ ортақ түркі әліпбиіне жалпы сәйкестігін ескерді», – делінген хабарламада.
Латын әліпбиінің әлі бекітілмегеніне қарамастан, Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында латын әліпбиін пайдалана отырып, жазбаша қарым-қатынасқа пайдаланушылардың үлесіне 2027 жылға қарай 5%-ға, 2028 жылға қарай 10%-ға және 2029 жылға қарай 15%-ға дейін жеткізу жоспары бекітілген.
Министрлік бұл бағыттағы жұмыстардың қазақ тілінің латын әліпбиі мен емле ережесі бекітілгеннен кейін басталатынын атап өтті.
Қазақстандағы тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға қарай халықтың 95%-ға жуығы мемлекеттік тілді меңгеруі көзделген еді. Алайда 2023 жылы бағдарлама жойылып, тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына біріктірілді. Министрлік мәліметінше, 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 80 пайызды құраған. Жаңа тұжырымдама бойынша енді, 2025 жылға қарай халықтың 82 пайызы мемлекеттік тілді меңгеретін болады, жыл сайынғы өсім 0,5 пайызға, ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 84 пайызға жетпек.