Шығыс Қазақстан облысының прокуратура органдары төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және жою бойынша мемлекеттік сатып алу туралы жасалған келісімдердің заңдылығына талдау жасады, деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Талдау нәтижесінде 1,4 млрд теңгеге заңсыз жасалған 78 келісім-шарт анықталды.
Осы келісімдерді жасау кезінде төтенше жағдай жарияланбағаны, бір көзден келісімдер жасасуға негіз болмағаны белгілі болды.
Төтенше жағдай болмаса да, әкімдіктер қар тазалау, әкімшілік ғимараттарды жөндеу, мұздан тазарту реагенттерін сатып алу және т.б. үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алған.
– Қолданыстағы заңнамада көзделмеген жағдайларда, шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырғаны үшін лауазымды адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгінде 14 миллион теңге айыппұл төленді, - делінген ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі хабарламасында.