Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы Туғамбаева Қорлан Төлеубековнаның айтуынша, Президент халыққа жолдауында елдің дамуына үлес қосатын бірнеше маңызды міндеттерді атап өтті. Бұл міндеттер әрқайсымызға қатысты. Атап айтқанда:
- Экономикалық даму: шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ бизнес қызметтерін цифрландыру және жаңа Салық Кодексін енгізу жоспарлары айтылды. Мемлекеттің тұрақты жағдайы оның экономикалық дамуына байланысты. Бұл процесс көп қырлы және көптеген жүйелерді қамтиды. Әр ел қаржы жүйесін жетілдіруге негізделген экономиканың өзіндік моделін жасайды.
- «Ауыл аманаты» жобасы: жобаны іске асыру оң нәтиже беруде. Аталған жоба аясында әр ауданда азаматтарды әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге үйрету үшін орталықтар іске қосылатыны атап өтілді.
- «Таза Қазақстан» жобасы: елді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек.
- Атом электр станциясының құрылысы: атом электр станциясының құрылысы энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Менің ойымша, экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін атом электр станциясын салу дұрыс шешім.
«Біз барлығымыз Жолдауда көзделген жоспарларды бірлесіп іске асыруымыз керек. Еліміздің болашағын құруға бірге атсалысайық. Біз, жастар, өз кезегінде Қазақстанның өркендеуі үшін өз үлесімізді қосатын боламыз», деді Қорлан Туғамбаева.