Шығыс Қазақстан облысында қаңтар — сәуір айлары аралығында мектептегі “жемқорлық” мәселесі бойынша 11 қылмыстық іс тіркелді. "Ата-аналар тарапынан "мектептің жөндеу жұмыстарына немесе сыйлыққа ақша жинап жатыр" деген наразылық арыз-шағымдары түсіп жатады".
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев мәлімдеді. Заңсыз ақша жинаудың алдын алу мақсатында балабақша, мектеп, колледж директорларының қатысуымен өткен жиында айтқан оның сөзін Altainews.kz сайты жариялады.
«Білім саласы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары салалардың бірі. 2020 жылдан бастап осы жылдың төрт айын қосқанда облыс бойынша білім саласында 68 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық анықталды. 58 қылмыстық іс тіркеліп, 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келтірілген залал 221 миллион теңгені құрайды. Соның 83 миллион теңгесі өндіріліп, 8,9 миллион теңгенің мүлкіне тыйым салынды”, - деді Талғат Башев.
“Білім туралы” заңға сәйкес білім ошақтарында ақша жинауға тыйым салынған. Мектеп директорларына материалдық сыйақы мен пара алғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Елімізде орта білім беру тегін. Білім ошақтарын жыл сайын ағымдағы жөндеуге мемлекеттен тиісті қаражат бөлінеді.