Облыс бойынша 93% бала бірінші сыныпқа қабылданды. Шығыс Қазақстанда 1 қыркүйекте барлығы 98 мың бала 343 мектеп партасына отырады.
Өтінімдерді қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.
«Жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 12 мың мұғалімі жұмысқа кіріседі. Барлық мұғалімдер курстық оқуды мерзімінде аяқтады, олардың 606-сы біліктілік санаттарын жоғарылатты. Балалардың оқуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Облыста апатты немесе үш ауысымды мектеп жоқ», - деді ШҚО РСК брифингінде білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек.
Биыл жергілікті бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп, Зайсан қаласында және Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық, 300 орындық мектептер салынып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап 3000 орындық 7 мектептің құрылысы жалғасып келеді.