Өскеменде жекеменшік білім беру орталықтарының бірінде 8 жасар Арсений мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әткеншектен құлап ауыр жарақат алып комаға түсті. Беті бері қарамай 12 күннен кейін қайтыс болды. Арсенийдің әкесі Роман Цуранов әлеуметтік желіде болған жайттың бәрін баяндап видеоүндеу жолдады.
– 11 шілде күні Арсений жекеменшік білім беру орталығында әткеншекте ешкімнің қарауынсыз тербеліп отырған жеріннен құлап ауыр жарақат алды. 12 күн бойы ол комада жатты, кейін жүрегі тоқтап қайтыс болды. Менің ойымша, орталықта тәрбиешілер оған дұрыс қарамаған. Балаларыңызды қадағалап, жазғы лагерьлердің, жекеменшік орталықтардың лицензиясы бар-жоғын білуге шақырамын, - деді Роман Цуранов.
Зерттеу нәтижесі кезінде мекеме өзінің жарнамалық басылымдарында өзін «қалалық балалар лагері» ретінде көрсеткенімен, жекеменшік білім беру орталығының еш жерде тіркелмегені белгілі болды.
– Бұл тіл курстары мен кеңейтілген сабақтарды ұйымдастыруға арналған жекеменшік білім беру орталығы. Екі жылдан бері жұмыс істейді. Қызметтің бұл түрі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V ҚРЗ Заңына сәйкес лицензиялауға жатпайды, хабарлау тәртібі де көзделмеген, сондықтан, есепке алу және бақылау жүргізілмейді, - деді ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина.
Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал білім басқармасы білім беру мекемелерінің басшыларын, сондай-ақ ата-аналар қауымын балалардың қауіпсіздігіне, қызметкерлердің біліктілігіне, сондай-ақ сабақ бағдарламасына баса назар аударуға шақырды.