Шығыстың төрінде тоғыз мемлекеттік өкілдері бас қосқан форум өтті. Олар шығыстың инвестициялық әлеуетімен танысып, өңірде өндірілетін өнімдер көрмесін тамашалады. Форумға Корея, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Швеция, Қытай, Бельгия және Қырғызстан елдерінің дипломатиялық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ауқымды форум барысында шығыстың өндірістік, ғылыми және туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Әсіресе өңірдің индустриалдық мүмкіндіктері туралы кеңірек баяндалды. Сондай-ақ форум аясында шетелдік делегация өкілдері әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаратын бірқатар кәсіпорындарды аралап, танысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеміз. Бүгінгі форум аясында өзіміздің өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырдық. Форумға бірнеше мемлекеттің дипломатия өкілдері қатысты. Біздің облыс қуатты өнеркәсіптік, ғылыми және табиғи әлеуеті бай өңірлердің бірі. Бұл шетелдік дипломатия өкілдерінің қызығушылығын тартып отыр. Енді қыркүйек айында «Алтай инвест – 2025» форумын өткізетін боламыз. Сол форумға шетелдік кәсіпкерлер тиісті ұсыныстарымен келіп, шарт жасасады деп жоспарлап отырмыз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Форум өңір мен шетелдік әріптестер арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету жолындағы кезекті маңызды қадамдырдың бірі болды. Оның аясында Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көрсететін көрме ұйымдастырылып, қонақтарға металлургия, энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы мен ғылым салаларындағы болашағы зор жобалар таныстырылды.
Форум аясында шетелдік қонақтар Өскеменнің Cол жағалау кешенінде болып, этнографиялық және әскери экспозициялармен, «Жібек жолы» саябағымен, қалалық зообақпен, ботаникалық бақпен және қайық станциясымен танысты. Бұл нысандар – облыстың туристік әлеуетін сәтті жүзеге асырудың жарқын мысалы әрі отбасылық демалысқа арналған аймақ.
Сондай-ақ форум аясында индустриялық кәсіпорындармен бірлесіп жүзеге асып жатқан қолданбалы жобалар жүргізілетін зертханалар, ғылыми кластерлер мен инженерлік алаңдар көрсетілді.