Өскеменде биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы мен қала тұрғындарының өз бастамасы аясында аулаларды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға 1 138,5 млн теңге бөлінген. Жалпы тізімге 40 учаске енді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетхановтың айтуынша, бүгінге дейін 16 аула кешенді абаттандырылып, 16 балалар алаңы және 9 спорттық алаң салынды. Тағы 37 нысанда жұмыс жүргізілуде.
– 17 шағын сәулет формасы орнатылып, бетон негіздері дайындалды, 3 000 шаршы метрден астам брусчатка төселді, жалпы ауданы 5 000 шаршы метрді құрайтын 8 футбол алаңының негізі әзірленді, – деді спикер баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жеті учаскеге жарық орнатылған. Есептік кездесулердің нәтижесі бойынша, яғни тұрғындардың тікелей өтінішімен тағы 30 жоба жүзеге асып жатыр.
– Депутаттардың тапсырмасымен үш учаскеде – автовокзал маңы, жағалау және Арматура зауыты ауданында – жарық орнатылады. Мектептерге баратын жолдар да жарықтандырылып, оннан астам оқу орны қауіпсіз әрі жарық жолмен қамтамасыз етіледі, – деді алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған қала әкімінің орынбасары.
Қала инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру жұмыстары жылдың екінші жартысында жалғасады.