Өскеменде «Алтын Ажал» сахналанды

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 09:04 0

Облыстық драма және оперетта театрының сахнасында Иран-Ғайып Оразбаевтың шығармасы негізінде қойылған «Алтын Ажал» драмасының алғашқы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ұлттық рухты жаңғыртып, терең тәрбиелік мағынамен ерекшеленетін бұл қойылым көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сахнада бейнеленген алауыздық пен бірлік, ананың қадірі мен ұлттық болмыстың көріністері шебер жеткізілді.

— Бүгін біз тамаша қойылымның куәсі болдық. Ата-бабаларымыздың даналығы тағы бір мәрте дәлелденіп отыр. Осындай кең байтақ жерді қорғап қалу тек найзаның ұшымен емес, ең алдымен білім мен парасаттың арқасы. Қиын-қыстау замандардан өтіп, бүгін бейбіт өмір сүрудеміз. Бейбітшілігімізді сақтап, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардан үлгі ала берейік, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Қойылымды сахналаған — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Оның режиссерлігімен және театр ұжымының кәсіби еңбегі арқасында спектакль көрермен жүрегінен орын тапты.

— Бүгінгі кешке келген көрермендерге ризашылығымды білдіремін. Өзім 60-тан астам пьеса жаздым, соның 50-ге жуығы сахналанды. Мұрат Ахманов менің сегізінші туындымды сахналап отыр. Қойылымның негізгі ойы — алауыздықтан сақтанып, бірлікті сақтай білейік деген үндеу. Өскеменнің театрын ұстап тұрған ұл-қыздар аман болсын, — деді драманың авторы Иран-Ғайып Оразбаев.

Тұсаукесерді тамашалаған көрермендер қойылымның терең мазмұны мен актерлердің кәсіби шеберлігіне риза болды. Бұл туынды арқылы театр ұжымы көрерменге ой салып, ынтымақ пен бірліктің маңызын жеткізе білді.

— Бүгін сахнада көтерілген мәселе — өте өзекті. Қойылымның атауы оның негізгі идеясын айқын ашып тұр. Бұл – қазақ жұрты үшін маңызы зор, тәрбиелік мәні терең шығарма, — деді қойылымның көрермені болған жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.

Қойылым аяқталған соң көрермендер театр ұжымына зор қошемет көрсетті.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив