Облыс орталығындағы Өнер музейінде суретші Ольга Плотникованың «Жібек пастель, барқыт майлы бояу» атты жеке көрмесі ашылды.
Музей төріндегі іс-шара Суретшілер одағының мүшесі, педагог және «5 чувств» арт-студиясының негізін қалаушы Ольга Плотникованың шығармашылығының барлық қырын ашып көрсетті.
Көрмеге портреттер, пейзаждар, натюрморттар мен қиялға толы композициялар қойылды. Автор майлы бояу, акрил мен пастель арқылы туындыларын тактильді әрі эмоционалды етіп жеткізген.
- Мен салған әр суретімде өз сезімдерімді, көңіл-күйімді бейнеледім. Әр суреттің өз тарихы мен стильдік ерекшеліктері бар. Портрет, натюрморт, пейзаж, тарихи суреттер әрқайсының орны мен үшін ерекше. Осы өнерімді бағалап, қолдап келгендеріңізге рақмет, - деді суретші Ольга Плотникова.
Көрменің ашылуына белгілі суретшілер, музей мен кітапхана қызметкерлері және қала әкімдігінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар сурештінің ұстазы сөз кезегін алып,жүрекжарды лебізін білдірді.
- Маған сурет көрмелерін тамашалаған қатты ұнайды. Суретші үшін ақша маңызды емес. Өнерді түсінетін адам бейнелеу өнері -өз жан-дүниеңді түсіну, сезіну, онымен байланыста болу екендігін ұғынады. Шәкіртімнің осындай көрме ашып, еңбегінің бағаланып жатқанына шын жүректен қуаныштымын, - деді суретшінің ұстазы Николай Аштема.
Айта кетейік, көрме 28 шілдеге дейін ашық болады.