ШҚО әкімі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, білім және туризм салаларында ынтымақтастық туралы Тверь облысының губернаторымен меморандумға қол қойды
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Тверь облысының губернаторы Игорь Руденямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресей Федерациясының Тверь облысы Үкіметі арасындағы меморандум сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруға бағытталған.
«Біз Ресей Федерациясының өңірлерімен орнықты экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарды жоғары бағалаймыз. Мұндай қатынастар елдеріміз арасындағы тату көршілік пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Шығыс Қазақстан Ресеймен сыртқы экономикалық байланыстарды белсенді түрде дамытып отыр. Өткен жылы өңірдің сыртқы сауда айналымының шамамен 26 пайызы Ресейдің үлесіне тиіп, көлемі 1,2 млрд АҚШ долларынан асты.
Биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Комиссияның 23-отырысы аясында Шығыс Қазақстан мен Тверь облыстары арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму перспективалары талқыланды.
Талқылау нәтижесінде бүгін Шығыс Қазақстан мен Тверь облыстары арасында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, білім және туризм сияқты маңызды салаларда екіжақты ниетті білдіретін және болашақта берік ынтымақтастыққа негіз бола алатын меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қойғаннан кейінгі сөзінде Нұрымбет Сақтағанов: «Меморандумның жасалуы өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға, сондай-ақ тауар айналымы мен өзара инвестиция көлемін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл әріптестік өзара тиімді әрі жемісті болатынына сенімдіміз», – деп атап өтті.
ШҚО әкімі кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаятынына сенім білдірді. Сонымен қатар, ол Тверь облысының губернаторын биылғы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстанда өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Әкімнің айтуынша, Тверь облысының басшысы өңірдің экономикалық және мәдени жетістіктерімен, әлеуетімен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, ШҚО делегациясы облыс әкімі бастаған құрамда 18–21 маусым аралығында Ресейде өтіп жатқан «Көпполярлы әлемдегі өсудің негізі – ортақ құндылықтар» атты XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысуда.