Үкімет Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы, Волчанка ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория жұмыстарын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 67 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Жобаның жалпы құны 419 млн теңге. Қаражаттың бір бөлігі бұрын Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту боййынша Арнаулы мемлекеттік қордан Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлік амбулатория салуға қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге жалғасуда. Соның бірі –Шемонаиха ауданы, Волчанка ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория.
Бүгінгі таңда нысанның құрылысы 65%-ға орындалды. Инженерлік желілерді – сумен жабдықтау, электр энергиясы және коммуникацияларды жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Тапсыру – 2025 жылдың мамырына жоспарланған.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Өскемендегі гематология орталығының құрылысын аяқтауға 33,6 млрд теңге бөлген болатын.
Қазақстанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысанның: медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарланған. Бүгінде 467 нысанның құрылысы аяқталды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қордан да жүргізіледі. Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдікке қалған 188 медициналық нысанның құрылысына және ауруханалардың қайта құрылуына апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.
Айта кету керек, Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Министр ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметімен қамту үшін 655 нысанның құрылысы жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бұл ауыл тұрғындарын МСАК қызметімен қамтудағы бірінші міндет.
Екінші міндет, құрамындағы бөлімшелерді медициналық жабдықтармен жарақтандыра отырып, 32 заманауи көпсалалы аудандық ауруханаларды жаңғырту.
Үшінші міндет, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын қажетті дәрігер мамандармен қамтамасыз ету.
– Бүгінгі күні 467 МСАК нысандарының құрылысы толық аяқталды. Ұлттық жобаның іске асуының пайыздық үлесі 71%-ды құрап отыр, — деді министр.
Ал 175 нысан бұрын медициналық ғимараттармен қамтылмаған ауылдарда, ал 292 нысан ескірген және бейімделген үй-жайлардың орнына салынған.
– 80 мыңнан астам отандасымыз қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін 456 қосымша күндізгі стационар төсек-орнын орналастыруға мүмкіндік берді. Бұл ауылдардың тұрғындары үшін 174 медицина қызметкері дайындалып, елді мекендерге жіберілді, — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан қалған 188 нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде оған 143 медицина қызметкерін (22 дәрігер, 121 орта буын қызметкері) жіберу көзделуде.
Барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде, шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғындары қолжетімді алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады деп күтілуде.
Сонымен қатар Министрліктің ақпараты бойынша, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап, елімізде ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма енгізілуде. Оның көлемі 8,5 млн теңгені құрайды.
Алайда, бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған. Осыған байланысты, өңірлердің әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастаулары қажет.
Жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолдану арқасында 2 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделді. Бұл нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71%-ы жергілікті өнім өндірушілердің үлесіне тиесілі.
Ұлттық жобаның келесі міндеті – ауыл тұрғындарына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Оны жүзеге асыру мақсатында құрамында жоғары технологиялық медициналық қондырғылармен жабдықталған мамандандырылған бөлімшелері бар заманауи 32 көпсалалы орталық аудандық ауруханалардың ашылуы көзделіп отыр. Бүгінде 6 көпсалалы орталық аудандық ауруханалардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде инсульт орталықтары, хирургия, травматология және перзентхана бөлімшелері іске қосылды. Бұл ретте барлық көпсалалы орталық аудандық ауруханаларға арнайы мамандандырылған медициналық техникалар жеткізілді.
«Алтын уақыт» қағидаты бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында барлық көпбейінді орталық аудандық ауруханалар жоғары технологиялық медициналық техникамен (КТ, МРТ, ангиографтар) қамтамасыз етілетін болады.
2025 жылдың соңына дейін тағы 12 көпсалалы орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру көзделіп отыр. Оған 98 медицина қызметкерлерін даярлап жіберу жоспарлануда. Қалған 14 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарлануда.
– Медицина кадрлары туралы айтатын болсақ, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға 427 дәрігерлердің жіберілгенін атап өткім келеді. Оның ішінде: 125 жас маман және 302 жұмыс тәжірибесі бар дәрігер мамандар. Сондай-ақ 370 орта буын қызметкері, оның ішінде 132 жас түлек және 238 жұмыс тәжірибесі бар мамандар жіберілді. Қалған көпбейінді орталық аудандық ауруханалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға беру кезінде 85 медицина қызметкері даярланады. Сөзімнің соңында осы ұлттық жобаны іске асырудың арқасында біз заманауи стандарттарға сайкес келетін және ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне жауап беретін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің заманауи жүйесін қалыптастырып жатқанымызды атап өткім келеді», — деп түйіндеді Ақмарал Әлназарова.