Жаңалықтар

Қызметте қырағылық танытқан қос сарбаз үйіне демалысқа жіберілді

Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік кешке әскери қызметшілер қатысып, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің символына айналған маңызды күннің тарихи мәніне тоқталды.

5518 әскери бөлімінің клубында ұйымдастырылған шара мерекенің тарихы туралы бейнематериал көрсетілімінен басталды. Салтанатты жиында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев жеке құрамды Республика күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті.

«Республика күні – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан тарихи сәтін айшықтайтын ерекше мереке. Ол халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздік пен мемлекеттілікті нығайту жолындағы ортақ ұстанымын білдіреді. Ал әскери қызметшілердің басты міндеті – осы тәуелсіздіктің, ел тыныштығы мен тұрақтылығының сенімді кепілі болу», – деді генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Сондай-ақ қолбасшы 3477, 5518 және 6699 әскери бөлімдерінің командирлеріне Конституцияның жаңартылған нұсқасы енгізілген брендбуктарды табыстады.

Мерекелік шара барысында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары қырағылық танытқан әскери қызметшілер де марапатталды. Олардың қатарында 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері, қатардағы жауынгерлер Кирилл Ахременко мен Ефим Илюшкин бар.

Жақында қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде сарбаздар есірткіге ұқсас зат салынған 29 ораманы алып жүрген күдіктіні ұстауға қатысты.

Қызмет барысында қырағылық танытып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан жауынгерлердің еңбегі елеусіз қалмады. Абай облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздарға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан мадақтамалар табысталды. Сонымен қатар әскери бөлім командирінің шешімімен олар он тәулікке қысқа мерзімді демалыспен марапатталды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекелік көңіл күйге ұласты.

 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button