Өскеменде шоумендер фестивалі өтті

ЖАҢАЛЫҚТАР 14-05-2025, 13:27 0

Облыс орталығында алғаш рет шоумендер мен жүргізушілерге арналған ауқымды «SHOWMEN FEST 2025» облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Фестивальдің мақсаты – қоғам алдында сөйлеу мәдениетін арттыру, жүргізуші кәсібін танымал ету, жүргізушілік өнерді дамыту және талантты мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну.  

Өңірдің түкпір-түкпірінен алғаш рет жүргізушілерді, асабаларды, шоумендерді біріктірген іс-шара шығармашылық сала өкілдері үшін нағыз мерекеге айналды. 

Фестиваль алдында қатысушыларға белгілі event-сарапшылар – беташаршы,  әрі «Меховая 8/1» тобының солисі Қабдол Тілеков, сонымен қатар кәсіби жүргізушілер Айбат Никулин мен Данияр Батырбаев шеберлік сабақтарын өткізді. 

Іс-шара беташар рәсімімен басталды. 25 үміткердің арасынан суырылып ширек финалға шыққан үш үміткер өнер көрсетті. 

– «SHOWMEN FEST 2025» облыстық фестивалі бұл асаба, жалпы өнерде жүрген жандардың басын біріктіріп, үлкен сахнаның төрінде өз өнерлерін дүйім жұртқа паш ету. Жас асабалармен жақынырақ танысып, аға буынмен жастардың арасында алтын көпір орнату. Фестивалге көпшілікке танымал Айбат Никулин, «Меховая 8/1» тобының әншісі Қабдол Тілеков, танымал тележүргізуші  Данияр Батырбаев  сынды сарапшылар шақырылды, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Серікбайұлы. 

Қазылар алқасы қатысушылардың әртістік қабілеті мен кәсіби шеберлігін бағалап, үздіктерді анықтады.

– Маған ұнайтыны –  бұл салада әркім өзін бірегей, ерекшемін деп санайды, бәрі бір-бірін қолдауға тырысады. Концерттің, банкеттің, үйлену тойының, кез келген іс-шараның атмосферасы бізге – жүргізушілерге байланысты. Бізде республикалық деңгейдегі жүргізушілер фестіне бүкіл Қазақстаннан 20 адам ғана келетін жағдайлар болады. Ал мұнда бір ғана облыстан осынша қатысушы келіп отыр –  бұл өте жоғары көрсеткіш, –  дейді Almaty телеарнасының тележүргізушісі  Данияр Батырбаев. 

Фестивальге барлығы 22 шоумен мен 3 беташаршы қатысты. 

Қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады:

– «Ең үздік шоу-мен» – Зайсаннан келген Мәди Айтқабылов;

– «Үздік асаба» – Катонқарағайлық Нұржан Қасенов;

– «Үздік беташар» – Алпыс Жақиянов;

– «Көрермен көзайымы» – Риддерлік Ольга Вахрамеева; 

– «Үздік импровизатор» – тағы бір зайсандық Мақсат Садықбаев атанды.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив