Тарбағатайда мыс кеніші қашан ашылады?

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 16:48 0

Тарбағатай ауданының Қызылқайың аумағында мыс кеніші ашылатыны туралы бірнеше жыл бұрын айтылған болатын. Алайда мыс кенішінің ашылуына әлі бірнеше жыл бар көрінеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Қазіргі таңда Тарбағатай ауданының Қызылқайың учаскесінде барлау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Марат Қызов айтты.

– Бұл біздің ауданда жүзеге асырылатын ең ауқымды жобаның бірі болмақ. Қазір жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. 2018-2026 жылдар аралығында Қызылқайың учаскесінде барлау жұмыстары жүргізілуі керек. Кен қоры бар екені расталған жағдайда, 2027-2028 жылдары жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 2028 жылы комбинаттың құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, – деді Марат Қызов.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, кеніш 2030 жылға қарай пайдалануға берілмек. Кен орыны ашылса ауданның экономикасына оң серпін беріп, жұмыссыздықты азайтпақ. Нақтырақ айтар болсақ, өндіріс толық қуатына енген соң комбинатта 1 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал өндіріс орнының құрылыс жұмыстарына екі мыңнан астам адамды тарту жоспарланған.

– Комбинат негізінен мыс қорыту бағытында жұмыс жүргізетін болады. Дегенмен, егер де Тұғыл ауылының маңында экономикалық аймақ құрылатын болса, онда инвестор мысты өңдеу жағын да қарастыруға әзір. Ол үшін Тұғылда порт бой көтеріп, Майқапшағаймен екі ортада теміржол салынуы керек, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ,  қазіргі уақытта комбинаттың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жағы қарастырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, ең басты мәселе энергия көзінің жетіспеушілігінде көрінеді.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив