Жеңіс-80: ШҚО Полициясы ардагерлерге құрмет көрсетті

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 17:00 0

Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді. Шара Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері, құрметті полицей Рахимов Құрмат Рахимұлына арналған мурал маңында ұйымдастырылды.

Іс-шараның ерекше мәні — соғыс және қызмет жолында өшпес ерлік көрсеткен Құрмат Рахимовтың  шараға жеке қатысуы болды. Оның жауынгерлік батырлығы мен мінсіз қызметі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Ел құрметіне бөленген ардагерге ерекше ықылас көрсетілді.

ШҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ардагерлердің ерлігін дәріптеудің маңызын атап өтті:

«Құрбан болған қаһармандардың рухына тағзым ету мен ардагерлерге  құрмет білдіру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін біз Жеңіс ұрпағына қарыздармыз. Олардың ерлігі – болашақ буынға үлгі болатын мәңгілік рухани бағдар», — деді департамент басшысы.

Өз кезегінде Құрмат Рахимұлы да көрсетілген ілтипат пен қамқорлық үшін шынайы ризашылығын білдіріп, баршаға денсаулық пен амандық тіледі.

Мерекелік шара Полиция департаменті хорының орындауындағы соғыс жылдарындағы әндермен жалғасып, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары дайындаған патриоттық қойылымдар көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Салтанатты іс-шара полиция қызметкерлері мен жас кадеттердің оркестр сүйемелдеуімен өткен шеруімен қорытындыланды.

Бұл күн – ардагерлерге деген алғыс пен құрметтің, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың көрінісі. Бұл – ел тарихында мәңгі сақталатын Ұлы Жеңістің даңқын ұлықтау күні.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив