Қос ғасыр куәгеріне Президент атынан медаль табысталды—ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 12:23 0

Марқакөл ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше тағылымы бар шара өтті. Аудан әкімі Рүстембек Кемешев ғасыр-ана, тыл еңбеккері Хадиша Тұржановаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтойлық медаль табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

«Мен әкім ұлыңызбын», – деп ақ самайлы анаға иіліп сәлем берген Рүстембек Нәбиолдаұлы бүгінде Марқакөлдің жеке ауданға айналғанын айтып, елдің көркейген шағын бірге көруге жазсын деп тіледі.

- Апа, аман-есен болыңыз! Сіз біздің мақтанышымызсыз. Бала-шағаның қызығын көре беріңіз. Марқакөл аудан болды қазір, сондықтан осы ауданымыздың да қызығын көргейсіз! - деді Рүстембек Кемешев. 

Хадиша апа – бір өзі бір дәуір. 1922 жылдың 20 наурызында Күршім ауданының Қалжыр ауылында дүниеге келген кейуана – қазақ халқының өткен ғасырдағы ең аласапыран замандарынан аман өткен, ұрпағына еңбек пен төзімділіктің үлгісін көрсеткен ерекше жан. Тағдырдың тауқыметімен 4-сыныптан кейін-ақ үлкен өмірге ерте араласқан ол ересек әйелдермен қатар егін даласында, қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында бел жазбай еңбек етті.


1947 жылы Ебен есімді азаматпен 
шаңырақ көтерген Хадиша ана он бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөбере-шөпшегінің қызығына бөленіп отыр. Қазіргі таңда оның 27 немересі, 43 шөбересі, 7 шөпшегі бар.
Бір ғасырдан астам өмір сүріп, халқымыздың тарихымен бірге жасасып келе жатқан Хадиша Тұржанованың ғұмыры – тағылым мектебі. Бұл – төзім мен табандылықтың, адал еңбек пен мызғымас рухтың айғағы. Ел басына күн туғанда тылда тыным таппай тер төккен аналарымыздың еңбегі еленіп жатқаны – өшпейтін өнегенің жалғасуы.
Марқакөл жұртшылығы ғасыр анаға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, ақ батасын алу мүмкіндігіне риза. 


Қос ғасыр куәгері боп отырған марқакөлдік кейуана өз кезегінде мемлекет басшылығына ризашылығын білдірді. Ел қамқорлығын жеткізіп, шапан жауып, құрмет көрсеткен аудан басшысына ақ батасын берді:

- Қол жайсаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің!

Өнерің тасып түссін,

Талабың одан да асып түссін!

Қажыма, талма - 

Қанаттарың талмасын,

Жүздеріңді кір шалмасын!

Қай жерде жүрсең де,

Атақ-абырой таймасын!

Мұндай жарқын кездесулер – елдік пен ерліктің, құрмет пен қамқорлықтың символы. Хадиша апа – тірі шежіре. Оның жүріп өткен жолы – тұтас елдің тарихынан сыр шертетін өнегелі өмір.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив