Қаланы қақ жарып өтетін Үлбі өзенінің жағалауында қоқыс үйінділері бары анықталды. Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында рейд жүргізді.
Олар рейд барысында Үлбі өзені жағалауындағы су қорғау аймағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері барын анықтаған.
– Аумақты тексеру барысында тұрмыстық заттарды заңсыз тастау жағдайлары анықталды. Осы факті бойынша Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атына қоқыс үйіндісін тез арада жоюды талап еткен ұсыныс жіберілді, – деп жазды экология департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында және әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижелері негізінде ұйымдастырылған.
Жоғарыда қойылған талаптың орындалуын департамент бақылауда ұстайтындарын да ескертіп, тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.