Шығыс Қазақстан облысының басты байлықтарының бірі – оның көркем табиғаты. Сондықтан да өңірде орман өртін болдырмаудың маңызы зор. Осы мақсатта облыс басшысы өртке қарсы шараларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша «Жол картасын» әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыс әкімдігінде өткен жиында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендерді табиғи өрттерден қорғау мәселесі қаралды. Өрт қаупі жоғары маусым басталғанға дейін 179 га аумақта 4 орман өрті тіркелген. Осы орайда облыс басшысы барлық қажетті өртке қарсы шараларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша «Жол картасын» әзірлеу ұсынды.
– Біз өрттің шығу себебіне назар аударуымыз керек. Мысалы, өткен жылы жер ғаламат көктеді. Көптеген жер иелері шабындықтағы шөпті орып алуға үлгермеді. Осындай жағдайда арам шөптен арылу үшін өртейді. Оның соңы дала өртіне ұласуы мүмкін. Осындай жағдайды болдырмау үшінөртке қарсы шараларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша «Жол картасын» әзірлеу қажет, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, шалғай өңірлерде өрт сөндіру бекеттерін салу мәселесі де тілге тиек болды. Қазіргі уақытта өңірде 48 стационарлық өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, олар 141 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, олардың кейбірі өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқандықтан жету қиын. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жағдайды талдауды, қосымша өрт сөндіру бекеттерін орнату қажет ауылдарды анықтауды, оларды барлық қажеттіліктермен жабдықтау жағын қарастыруды тапсырды.
Биыл орман және дала өрттерінің алдын алу үшін 28 шақырым орман жолдары, 62 шақырым минералды жолақтар салынып, 24 тікұшақ алаңын дайындау жоспарланғаны айтылды.