Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Қазақстан өңірлері қандай өнімдерімен мақтана алатындығын айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Әділет министрлігінде Қазақстандық кәсіпкерлердің 100-ден астам географиялық көрсеткіштері тіркелген. Географиялық көрсеткіш – бұл белгілі бір географиялық аймақтан шыққан және сол жердің ерекшеліктеріне байланысты бірегей қасиеттерге ие зияткерлік меншік нысаны. Әр өңір өз өнімдерімен мақтана алады.
«Мысалы, Жамбыл облысында ондаған жылдар бойы өндіріліп келе жатқан Бурнен ірімшіктері, майы және сүті жоғары бағаланады. Маңғыстау облысы «Мұнайлы шұжығы», «Маңғыстау қазысы» сынды дәстүрлі деликатестерімен ерекшеленеді. Ал Шығыс Қазақстан өзінің Катонқарағай балы арқылы танымал. Ол елдегі бал экспортының 70 пайызын құрайды. Солтүстік Қазақстан «Сергеев» майы, ірімішігі, құрт және Петропавлдың тәттілерімен танымал», - деді Талғат Уәли.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда «Алматылық апорт», «Түркістан» балмұздағы, «Түркістан» шоколады, «Қарағанды» балмұздағы және басқа да ұлттық географиялық көрсеткіштер тіркелген.
«Географиялық көрсеткіштерді дамыту Қазақстанның ұлттық брендін қалыптастыруға, тауарлардың әлемдік нарықта танылуына және инвестициялар тартуға, сондай-ақ туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстандық кәсіпкерлерді географиялық көрсеткіштерді қорғау мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға, бірегей мәдени және табиғи мұраны сақтауға шақырамыз», - деді Талғат Уәли.