«Шығыс маманы» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады – ШҚО әкімі есеп берді

ЖАҢАЛЫҚТАР 5-03-2025, 16:31 0

«Шығыс маманы» деп аталатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді. 

Өңір басшысы Жұмысшы мамандықтары жылына орай кәсіпорындардың сұранысы негізінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика және су көлігі салалары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары ашылатынын айтты. Сондай-ақ еңбеккерлерді қолдау мақсатында «Отбасы банкімен» бірлесіп өңірлік «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі салаларға тартылған инвестиция мен өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. Жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу жайында ақпарат берілді. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, туризм, цифрландыру салаларын, көлік-логистика секторы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударылады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 нысан салынып, 6 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 7 мектеп бой көтереді.

Облыс әкімі өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалатынын жеткізді. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылады.

Алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сондай-ақ ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив