Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өскемендегі лас ауа ертең де алмаспайтынын хабарлады. Мамандардың айтуынша, қолайсыз метеожағдай 20 ақпанның кешіне дейін сақталады.
Ал Қазгидрометтің облыстық филиалы Өскеменде бүгін түнде және ертең таңертең қою тұман түсетінін мәлімдеді.
«20 ақпанда метеорологиялық жағдайлар атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді. Жалпы қала бойынша ауа ластануының жоғары деңгейі күтіледі», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында үш күннен бері лас ауа тоқтап тұр. Қазгидромет деректеріне сүйенсек, ауада күкіртсутек (1,925 есе), көміртегі тотығы (1,793 есе) және күкірт диоксиді (1,594 есе) сынды заттар шекті мөлшерден асып кеткен.