Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Өңір басшысы болған Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде бірқатар ірі жобаға басымдық берілетінін атап өтті. Мәселен, аймақтың логистикалық және транзиттік әлеуеттін арттыратын жобалар аяқталады. Соның ішінде мың шақырым жол жөнделеді. Әсіресе туристік аймақтарға апаратын жолдарға көңіл бөлінбек.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай мен Зайсанда әуежай құрылысы аяқталады.
Нұрымбет Сақтағанов алдағы уақытта жұмысшы мамандарға зор қолдау көрсетілетінін атап өтті.