Риддер қаласының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Биыл қаңтар-қараша айларында қала кәсіпорындарының өндіріс көлемі 143,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артты. Нақты көлем индексі 108,1%-ды құрап, өндіріс көлемінің едәуір өскенін көрсетті. Бұл туралы Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Ақұжанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз барифингінде айтты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
- Тау-кен өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалды. Өндірілген тауар өнімдерінің көлемі 267,9 миллион теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 24,4 миллион теңгеге өсті. Әсіресе алтын құрамды концентраттар өндірісі 18,6%-ға, мырыш концентратындағы мырыш өндірісі 45,5%-ға артқаны байқалды. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 134,5 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға өсті. Риддер үшін негізгі сала болып табылатын металлургия өнеркәсібінде 4,5%-ға өсім тіркеліп, өнім көлемі 108,7 миллиард теңгеге жетті. Шикізаттық мырыш өндірісі 96,6 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артты, - деді Болат Ақұжанов.
Қаланың негізгі кәсіпорны болып табылатын “Kazzinc” ЖШС бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда:
• Долинный және Обручевский кенішінің өнімділігін жаңа көлік жүйесі арқылы арттыру (30 миллиард теңге).
• Өнім сапасын жақсарту үшін байыту фабрикасын қайта жаңарту (23 миллиард теңге).
• Экологиялық таза “Гидрополимет” цехының құрылысы (28 миллиард теңге).
Электр энергиясын өндіру көлемі 154 миллион кВт/сағаттан 179 миллион кВт/сағатқа дейін артты. Сондай-ақ жылу энергиясын өндіру көлемі 397 мың Гкал-дан 619 мың Гкал-ға дейін ұлғайып, аймақ тұрақты ресурстармен қамтамасыз етілді.