Фото: gov.kz
Туризмді дамыту – ел саясатының басым бағыттарының бірі. Кейінгі жылдары еліміздегі ішкі туризмді дамыту, туристік ортаның имиджін қалыптастыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Шығыс Қазақстанда да осы бағытта бірқатар жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына өткен көшпелі баспасөз брифингінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстары мен жоспарланып отырған іргелі жобалар туралы айтып берді.
- Катонқарағай ауданында 4 жұлдызды және 2-3 жұлдызды қонақ үйлер салынады. Облыстағы туризмді дамытуға байланысты қолға алынған іс-шаралар жыл басынан туристік саладағы инвестициялар көлемін 23%-ға, қонақтарды орналастыру көлемін 50%-ға, ал демалушылар санын 20%-ке арттыруға мүмкіндік берді. Туристерді көбейту үшін инфрақұрылым жақсартылып, қорықтар мен ұлттық саябақтар, тарихи-мәдени орындар жан-жақты насихатталуда, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Катонқарағай ауданының тамылжыған табиғаты тек республикамыз ішінде емес, әлемнің көптеген елдеріне таныс. Аудандағы туристік саланың негізін емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық , мәдени-танымдық және белсенді туризм құрайды. Алыс-жақын шет мемлекеттерден келген туристер Катондағы әйгілі “Рахман қайнары” шипажайына ағылатын. Алайда 2021 жылы маусымда демалыс орны өз жұмысын тоқтатқан. Тұмса табиғатта орын тепкен санаторийдің жабылуына «Бипэк Авто – Азия Авто» компанияларының тоқтауы себеп болған. Биыл аталмыш шипажайды мемлекеттік органдардың балансына беру бойынша электрондық сауда алаңында сауда-саттық өтіп, нәтижесінде шипажай обылстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді.
Бүгінгі таңда облыс әкімдігі “Рахман қайнары” шипажайын қалпына келтіру үшін инвестор іздеп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі өз сөзінде демалыс орнының мемлекеттік меншікке берілгенін және жеке меншікке қайтарылмайтынын атап өтті.
- “Рахман қайнары” шипажайы туристер үшін есігін айқара ашады. Қазіргі уақытта инвестор іздестіліріп жатыр. Біз өз тарапымыздан демалуға келген жандар үшін қолайлы жағдай жасалуы үшін көмектесеміз, - деді Ермек Көшербаев.