Жол жылы: ШҚО-да рекордтық көрсеткіш тіркелді


ЖАҢАЛЫҚТАР 9-12-2024, 12:41 0

Өткен жылы аймақ басшысы Ермек Көшербаев 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялаған. Биыл облыс бойынша 600 шақырым жол жөнделіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.

– Жолдарды жөндеу кезінде экономикалық негіз ғана емес, өңір тұрғындары мен жүргізушілердің ұсыныс-пікірі ескерілді.  Облыста туристік орындарға апаратын тасжолдарды жөндеуге және қайта жаңартуға ерекше көңіл бөлінді, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Жол жылында елдімекендер де назардан тыс қалған жоқ. Биыл алғаш рет 79 шағын ауылда 120 шақырым орталық көшеге кезең-кезеңімен асфальт төсеп, көшелерді жарықтандыру жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарға ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында барлығы 392 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелерінің жағдайы жақсартылады. 

Сондай-ақ 2025 жылы аймақтағы ұзақ мерзімді ірі құрылыс нысандарының бірі – Өскемен-Рахман қайнары тасжолын аяқтау жоспарлануда. Бұл жол үш ауданды байланыстырып, Қазақстанның туристік орындар қатарына жататын Катонқарағай ауданына апарады.

Жол мәселесіне келгенде Шығыс Қазақстандағы ең ірі көлік-логистикалық жобалардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталуы ірі жетістік болғанын айта кеткен жөн. Бұл өткел бірден алты ауданды байланыстырып, тұрғындардың климаттық жағдайлар мен паром өткеліне тәуелділігін жойды.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив