Шығыс Қазақстан облысында туберкулезге шалдыққандар көбейді. Биыл 10 ай ішінде 268 адам туберкулезбен ауырған.
Өскемен қаласында және Алтай, Самар, Глубокое, Күршім аудандарында ауырғандар санының көбейгені байқалады. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші артқан. Он айдың қорытындысы бойынша алты бала мен сегіз жасөспірімде туберкулез диагнозы қойылды.
– 256 жағдайда тыныс алу органдарының туберкулезі анықталды. Сондай-ақ, мұндай диагноз алты жасөспірім мен 14 жасқа дейінгі 7 балаға қойылады. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда тұрғындар ауруханаға баруы керек. Туберкулезді емдеу тегін. Сырқат таралуының басты себебі туберкулезбен ауыратындар емделуден бас тартып жатыр, - деді ШҚО санитарлық-эпидимиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Айта кетейік, ересектер арасында жыл сайын флюорографиялық тексеру жүргізіледі. Биыл тұрғындардың 93,5%-ы тексеруден өтті.