Самар ауданы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда алда келеді


ЖАҢАЛЫҚТАР 6-12-2024, 11:13 0

Самар ауданы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жоспарын үздік орындап, өңір бойынша көшбасшы болып келеді. Он айдың ішінде аудан аграршылары 37 трактор, 5 комбайн сатып алған. Сонымен қатар 877,95 млн теңгеге 14 жаңа тіркеме агрегаты алынған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.

Соған сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көрсеткіштері де өскен. Мәселен ауыл шаруашылығының өнімінің көлемі шамамен 9,7 млрд теңге болды. Яғни өткен жылғымен салыстырғанда 10,5 пайызға өскен.

Ауданда асыл тұқым мал өсіретін ет бағытындағы екі шаруа қожалығы бар. Сонымен қатар ет бағытындағы және селекциялық жұмыспен айналысатын бес шаруа қожалығы бар.

«Бұл шаруа қожалықтарында барлығы 1 147 бас ірі қара мал бар. Ал машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары сәтті жүзеге асты. Жоспар бойынша парктің 6 пайызы жаңартылуға тиіс болған. Ауданда фермерлері қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы техникасының 5 пайызын жаңартып үлгерді», - деп мәлімдеді Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында болған баспасөз мәслихатында.

Биыл Самар ауданындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 66 166 гектар болды. Сонымен қатар бұл ауданда дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ көкөністер мен бақша дақылдары, жемдік шөптер мен жүгері өсіріледі.

Самар ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып жатқанын айта кету керек. Аталмыш бағдарлама аясында жергілікті халық мал шаруашылығын дамытып, бизнес-идеяларын сәтті жүзеге асыруда. Мәселен өткен жылы 11 жобаға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, мал шаруашылығы бойынша жеті, шағын өнеркәсіп бойынша үш, туризм саласында бір жоба қолға алынды. Бұл жобаларға тоқсан миллионға жуық қаражат жұмсалды.

көрнекілік сурет: depositphotos.com

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив