Қазан айында кино билеттерінің бағасы республика бойынша орта есеппен 2,1 мың теңге болды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда баға 5 пайызға өсті деген сөз.
Ең жоғары баға Қарағанды облысында байқалды. Кино билеттері бірден 27,7 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ Қостанай (16,4 пайыз) мен Шығыс Қазақстан облысында да (11,2 пайыз) баға айтарлықтай өскен.
Батыс Қазақстан және Қызылорда өңірлерінде кино билеттері небары 2 пайызға қымбаттаса, жеті өңірде – Ақмола, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау және Шымкентте билет бағасы былтырғы қалпында қалған.
Ал Павлодар және Ақтөбе облыстарында кино билеттері, керісінше, 1,1 және 10,9 пайызға арзандаған.
Ірі қалалардың ішінде ең жоғары баға – Өскемен (3 мың теңге), Түркістан және Атырауда (2,7 мың теңгеден). Ең арзан билеттерді Орал, Семей және Тараз қалаларынан (1,6 мың теңге) табуға болады.