Марқакөлде жаңа ГЭС салынады

Фото: dzen.ru

ЖАҢАЛЫҚТАР / АУДАНДАР 4-12-2024, 14:01 0

Марқакөл ауданыныа қарасты Қалжыр өзенінде гидроэлектростанция салу бойынша ауқымды жоба басталады. Бұл туралы ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.

Басқарма таратқан мәліметке сүйенсек, қуаттылығы 16 МВт болатын ГЭС құрылысын «KALZHYR RIVER ENERGY» ЖШС жүргізетін болды. 

- Жаңа гидроэлектро станциясын салу арқылы елдің энергия қауіпсіздігіне үлес қосып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жүздеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады, - дейді ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Қалжыр өзеніндегі гидроэлектр станциясының құрылысы Шығыс Қазақстан облысының аумағында жоспарланған бесінші жоба болмақ. 

Сондай- ақ жоба таза энергия үлесін арттыруға және оның тұрақты дамуына, экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. 

Естеріңізге сала кетейік, өңірде алдағы уақытта жалпы қуаты 58,3 МВт болатын төрт су электр станциясының құрылысы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданында ГЭС-ті (қуаттылығы 1,4 МВт) 2027 жылы, Бұқтырма өзеніндегі гидро электр станциясын (қуаттылығы 50 МВт) 2029 жылы, ал Зайсан ауданындағы 2 су электр станциясын (қуаттылығы 4,5 МВт және 2,4 МВт) іске қосу 2030 жылға жоспарланған.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив