Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сабақтан кеш қайтатын оқушылардың сабақ уақытын қысқартуға қатысты пікірін білдірді.
– Екі ауысымда оқитын мектептерде сабақ уақытын қысқартуға болмайды. Қатты қажеттілік болса ғана сабақты қысқартуға болады. Бірақ қысқартылған сабақтың 5 минуты каникулда немесе жазғы уақытта өтелуі керек. Себебі қауіпсіздікпен қатар, білім сапасы да сақталуы шарт, - дейді Ғани Бейсембаев.
Ғани Бектайұлының айтуынша, білім басқармалары сабақты тек ыңғайлы уақытқа қоя алады.
– Үш ауысымдық мектепте сабақ уақытын қысқартуға рұқсат беріледі. Мәселен, Павлодардағы 7 мектепте 40 минуттық сабақ өткізуге рұқсат беріледі. Бірақ артынан қысқартылған уақыттың өтелуі шарт. Естеріңізде болса, пандемия кезінде солай істедік. Бір жыл 40 минуттан оқыдық. Сол кезде 5 минут «ұрланды». 5 минутта берілетін білім қайда кетті, оның бәрін қайтадан қалпына келтіру керек дегеннен кейін жаздық мектептерді ұйымдастырдық, - деді министр.