«Қазақстан темір жолы» ҰК» мен Société Générale француз банкі Alstom электровоздарын сатып алуды қаржыландырудың негізгі шарттары туралы келісім жасасты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК-ның мәліметінше, тараптар 117 локомотив сатып алуға төмен ставкалар бойынша жеңілдікті қаржыландыру беру туралы уағдаласты. Кепілгер Францияның қаржы министрлігінің BPI France экспорттық-кредиттік агенттігі. Локомотивтер 2028 жылға дейін ҚТЖ-ға жеткізіледі.
– Сатып алынатын электровоздар 1980 жылғы үлгідегі ескірген ВЛ-80 локомотивтерін ауыстырады. Бұл локомотивтің артықшылықтары төмен шығындар, электр энергиясын үнемді пайдалану, жоғары сенімділік және қызмет көрсету шығындарын азайту, - делінген хабарламада.