Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семейдегі жаңа көпір туралы сөз қозғады.
Облыс әкімінің айтуынша, көлік инфрақұрылымы саласында Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асырылып жатыр.
– 2022 жылдан бері жобаның іске асуы үшін республикалық бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінді. 2025 жылға республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылды. Қаладағы ескі авто-жүк көлік көпірінің жағдайын өздеріңіз білесіздер. Салмағы 2,5 тоннадан аспайтын көлік қана жүруге болады. Келешекте оны жаяу жүргіншілер көпірі етуді жоспарлап отырмыз. Былтыр жаңа көпірдің құрылысы басталған. Жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сол біткен соң жұмыс қолға алынады. Жыл аяғына дейін жобалау-сметалық құжаттамасын бітірсек, келесі жылы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, - дейді Нұрлан Ұранхаев.