Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 23 қазан күні өткен үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мәселесі жайында пікір білдірді.
– Негізінен шешімді қабылдаудың белгілі бір регламенті бар. Үкімет қандай да бір шешімдер қабылдаған кезде әрдайым референдум өткізуге тиісті емес. Ол үшін алқалы орган бар. Шешім қабылдар алдында қажет зерттеулер жүргізілді. Шешім белгіленген тәртіпке сәйкес қабылданды. Одан кейін регламент шеңберінде петиция пайда болды. Петиция белгіленген тәртіпте қаралып, тиісті топтар барлық оң және теріс жағын қарады, - деді Серік Жұманғарин.
Премьер-министрдің орынбасарының сөзінше, соңғы шешім қабылданды. Ешқандай регламент бұзылған жоқ.
– Қандай да бір ықпалы бар-жоғын қысқа мерзімді емес, орта мерзімді перспективада зерттеп көрейік. Қазір үкімет бұл мәселені көтеріп, қайта пікір білдіруге ниетті емес. Егер әрдайым регламенттен ауытқып кететін болсақ. Шешім болды, петиция түсті, петиция қаралды, шешім бекітілді деп ойлаймын. Осы жерден тоқтауымыз керек, - деді Серік Жұманғарин.