Бала күтіп жүрген кейбір шығысқазақстандық әйелдер декреттік төлем мөлшерін арттыру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, босанғаннан кейін бірден кәсібін жауып тастаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті хабарлады.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласының тұрғыны шаштараз қызметін көрсетемін деп кәсібін тіркеді. Сөйтіп әлеуметтік аударымдарды көбейтіп, 2 млн теңгеге жуық декреттік төлем алды. Ал бала туғаннан бір ай өткен соң кәсібін жапты.
– Төлем алудың осындай механизмін облыс бойынша 780 әйел іске асырды. Олар жеке кәсіпкер ретінде 1-ден 5 айға дейін ғана тіркеліп тұрған. Бұл фактілерден біз белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін көріп отырмыз. Өйткені жеке кәсіпкерлер өз жұмысын бірден тоқтатып жатыр. Сондықтан осы мәселені заң шеңберіне сәйкес қарау керек, - деді департамент басшысы Денис Шакенов.