Ұрпақ тәрбиесінің ел болашағы үшін маңызы зор. Қазір бала тәрбиесі қоғамды алаңдататын мәселелердің біріне айналды. Жаңа технологиялар заманында баланы ғаламтор тәрбиелеп жатқаны айтпаса да түсінікті. Статистикалық зерттеулерге сүйенсек дүниежүзіндегі балалардың 10 %-ы әлеуметтік желіге тәуелді екен. Ал тәуелділік өз кезегінде көптеген мәселелерге жол ашып жатыр.
«Жаңа технологиялар коммуникациялық қарым-қатынасты жоюда. Яғни ата-ана мен баланың арасында сөйлесу, әңгімелесу үрдісі азайып барады. Бір отбасындағы адамдар бір-бірімен сөйлеспейтін хәлге жетіп, әркім өз әлемінде өмір сүріп жатыр»,- дейді психолог Калима Жайлыбайқызы.
Дегенмен мұндайда баласын әдеби, мәдени оқулықтар оқуға баулып, толассыз ақпарат көздерінен бір мезет тынықтыра алып жүрген жандар да жоқ емес.
«Мен болашақ ұрпағымды рухани бай болуға тәрбиелегенді жөн санаймын. Қазір әлеуметтік желімізде, әсіресе балаларға арналған контент арасында орыс тілі басым тұр. Бала алдымен ана тілінде сөйлеуі керек. Екіншіден, ұлттық сананы қалыптастыратын мультфильмдер жоқ. Барлығы дерлік атыс, жамандық, зұлымдық. Содан балалар тілазар, бұзық болып кетті. Үшіншіден, ұзақ уақыт бойы ғаламтор ақтарып отырған бала қайдан сау болсын. Денсаулығы да нашарлай бастайды. Осындай жағдайлардың алдын алуымыз керек», - дейді немерелерін ұлттық құндылықтарға сусындатып тәрбиелеген Асылай Құмарбекқызы.
Ал психолог маманның айтуынша, бала ата-анасынан көргенін істейді. Сондықтан, балаға өзіміз үлгі болуымыз керек дейді.
«Ата-ана балаға үлгі болуы тиіс. ”Бала ата-ананың айнасы” демекші, ең алдымен баланы емес өзіңізді тәрбиелеуіңіз керек. Бұл ұққан адамға үлкен түсінік. Қанша жерден құнын төлеп тәрбиелеуге берсең де бала өз отбасында қандай тәрбиені көреді соны алып шығады. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Сөздің төркіні осы, - деді психолог Кәлима Жайлыбайқызы.
Ал ұстаздық етіп жүрген Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, ата-аналар балаларына көңіл бөліп, жиі сөйлесу керек. Сонда баланың әлеуметтік виртуалды өмірге деген қызығушылығы да бәсеңдейді екен.
«Қазіргі таңда баланың тілі отбасының емес телефонның тілімен шығып жатыр. Орыс, ағылшын тілінде тілі шығып жатқан баласы бар отбасылар да жоқ емес. Оның басты себебі осы – «Youtube», «Tik-Tok» әлеуметтік желілеріндегі контенттер. Бала тәрбиесі отбасының шеңберінен шығып кетті. Ел боламыз деп ұрпақ тәрбиесіне мән берер болсақ, ең алдымен, ғаламтордағы қазақ тіліндегі контенттерді дамытуға, сапасын арттыруға мән беруіміз керек деп ойлаймын. Ал ата-ананың тарапынан отбасындағы әңгімені жандандыру керек. Үстел басында бір-бірімен сөйлеспейтін отбасылар бар. Сондықтан, отбасы мүшелері бір-бірімен арадағы қарым-қатынасты дамыту керек», - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Дегенмен, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, әлеуметтік желіні де орнымен, орынды пайдаланса қауіп-қатер де аз болатыны анық. Балалар - біздің болашағымыз. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілік танытқан жөн.
Әдемі Амангелді