ШҚО-да қыс мезгілінде жол қызметтері мен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікте болады


ЖАҢАЛЫҚТАР 25-09-2024, 16:50 0

1 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында операторлар  тәулік бойы кезекшілікке шығып, жолдардың жағдайы мен көше тазалығына жұмылдырылған техникалар туралы ақпарат жинайды. Бұл шара қысқы кезеңде төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов мәлімдеді. 

Барлық мәліметтер күн сайын төтенше жағдайлар органдарына, полицияға және облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жіберілетін болады.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметовтің бастамасымен барлық жол қызметтерін, полиция бөлімшелерін және төтенше жағдайлар органдарын үйлестіруге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев тұрғындардың қауіпсіздігі туралы айта келіп, қауіпті метеорологиялық жағдайлар мен автомобиль жолдарының жабылуы туралы коммуникацияның барлық түрі арқылы тұрақты түрде ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, биыл басқарма Самара тас жолы бойындағы қаладан шыға беріске ауа-райы мен жол жағдайы туралы барлық тиісті ақпарат көрсетілетін үлкен LED экран орнатуды жоспарлап отыр.

– Облыс жолдарында төтенше жағдайлар кезінде 166 бірлік көлемінде қосымша жұмылдыру техникасы дайындалды. Оның 15-і облыстық маңызы бар жолдарға, 28-і аудандық маңызы бар жолдарға, 123-і елді мекендердің көшелеріне қызмет көрсететін болады. Бұл техника қысқы ауа райы жағдайларымен күрестің тиімділігін айтарлықтай арттыратын қар қалың жауған кезде немесе көктайғақ кезінде жедел көмек көрсетуге арналған, - деді Нұржан Жұмаділов.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив