43 500 теңге: Мемлекеттен берілетін көмекті кімдер алатыны белгілі болды


ЖАҢАЛЫҚТАР 22-08-2024, 15:20 0

Балаларды мектепке дайындауға мемлекеттен жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, былтыр көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына 40 567 теңге берілген болатын. Ал биыл оның бекітілген көлемі – 43 407 теңге. 

Жаңа оқу жылында 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады. Оның шамамен 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Биыл Жалпыға бірдей білім беру қоры 510 мыңнан астам балаға қолдау көрсетеді. Олардың қатарында АӘК алатын үйлердің мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.

- Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43 407 теңге қаражат белгіленген, — деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өскен.

Бүгінде «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 423 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 17,3 млрд теңгеден астам қаражат аударылды.

Айта кетейік, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірінде жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы кезеңінде азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін сенім телефондары, қоғамдық қабылдаулар үздіксіз жұмыс істейді. Акция барысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде +7 (7172) 74-25-28 жедел желісі және «BALA QORǴAÝ» телеграм-чаты жұмыс істейді. Ол арқылы кез келген адам көмек алу немесе мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін жүгіне алады.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив