Өскеменге Қытайдан делегация келді. Көршімізді не қызықтырады?


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты / ӘР САЛА 22-08-2024, 13:46 0

Бүгін облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов  Қытайдан келген делегациямен кездесті.

Облысымызға көрші елдің Алтай қаласынан жергілікті сауда-өнеркәсіп палатасының бір топ өкілі келген болатын.

Мақсаты – шығысқазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық орнатып, нығайту. Қытайлық тарапты әсіресе, бізден ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу жағы қызықтырады екен. Бұл тізімге бірінші кезекте өсімдік майы, бал, балық, панты, сүт сияқты өнімдер енген.

Осыдан біраз бұрын Шығысқа жасаған сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қанас – Марқакөл»  трансшекаралық бағытын ұйымдастыру үшін Теректі ауылынан Марқакөлге дейінгі жол  салу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ ШҚО жолдарының бойында кемінде 15 санитарлық-гигиеналық торап, яғни дәретхана салу жөнінде тапсырма берген болатын.

Қытайлық делегацияны бастап келген Алтай аймағы Бас сауда палатасының вице-президенті Чжан Чжиджун мырза аталмыш жоба жүзеге асса, одан екі жақ та ұтатынын айтты.

– Біздің аймаққа жыл сайын үш миллионға жуық турист келіп қайтады. Егер Қанас пен Марқакөл, одан әрі Катонқарағай арасын жалғайтын маршрут ашылса, сол үш миллион туристің біразы сіздер жаққа да сапар шегері анық. Сол себепті, осы бірлескен жобаны жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі болуы керек, – деді Чан Чжиджун.

– Қытай елінің қай салада да зор жетістіктерге жетіп жатқанын білеміз. Бізді де алыс-беріс, барыс-келіс жағы қызықтыратыны рас. Әлбетте, сіздердің ұсыныстарыңызды мұқияты қарап, зерделейтін боламыз. Ең бастысы, кез келген ортақ жобаны соңына дейін жеткізуге тырысуымыз керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив