Өскеменде өтіп жатқан «Отбасы мен некенің оң бейнесін қалыптастырудағы әйелдің рөлі және өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы» атты семинардың екінші күні отбасылық психологияның өзекті мәселелеріне арналды.
Шара барысында қатысушылар әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту және отбасылық тұрақтылықты сақтау жолдарын талқылады.
– Бүгінгі тақырып – әйелдің жеке дамуы мен отбасындағы рөлі. Әйел үшін мансап пен отбасылық өмір арасында таңдау жасау міндетті емес. Барлығына үлгеруге болады, – деді семинар жүргізушісі, психология ғылымдарының докторы Наталья Фесенко.
Семинар барысында қатысушылар эмоционалды интеллектті дамыту, жанжалдарды тиімді басқару, жеке шекараларды қорғау, сондай-ақ өз уақытыңды дұрыс ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық кеңестер алды.
Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның қолдауымен Павлодар қаласындағы «Аддиктология және менталдық денсаулық орталығының» мамандары ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылар алдағы айларда екі күндік тереңдетілген тренингтер өткізуді жоспарлап отыр. Онда әйелдер көшбасшылығы, отбасылық психология және қаржылық сауаттылық тақырыптары жан-жақты қарастырылады.
Айта кетейік, семинар аясында қатысушылар үшін жеке психологиялық консультациялар мен трансформациялық ойындар да өткізіліп жатыр.