Археологтардың жұмысы қорым немесе ежелгі қоныстарды қазумен ғана шектелмейтіні анық. Негізгі мақсат – дәуірлер мен ғасырлардың тарихи айғағы ретінде табылған жәдігерлерді зерттеп, зерделеп, өткен заман өркениетінің парағын ашу. Осылайша, олар нақты дерекке қол жеткізіп, байырғы бабалар мәдениеті мен өркениетін паш етуді көздеп келеді. Бірнеше жыл бұрын осындай мақсатта Ұлан ауданының Бестерек ауылында ғылыми-зерттеу орталығы ашылған. Оған себеп болған сол ауылдың іргесіндегі Ақбауыр археологиялық кешені еді. Бүгінде аталған аумақта археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр.