Өскеменде жарты жылда не өзгерді?

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 9-07-2025, 16:57 0

Өскемен әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов алғашқы жартыжылдықта атқарылған абаттандыру жұмыстарын қорытындыланды. Қала басшылығы қазіргі уақытта көпшілік жиі жиналатын демалыс аймақтарын жаңартуға көп көңіл бөлуде.

Облыстық филармония ғимаратының алдындағы сквер жабдықталып, жұмыс аяқталуға жақындады. Төсеу жұмыстарының 86 пайызы аяқталған. Фонтандар жабдықталып, жарықтандыру, суару жүйелері іске қосылғаны, алаң көгалдандырылғаны айтылды.

Қазақстан көшесінде, Микен маңында, плитка төсеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

– Ертіс жағалауында заманауи демалыс аймағы – баскетбол алаңы, скейт-парк, мурал және тынығу орындары салынуда. Шешек асуының етегінде автотұрақтар, аяқ жолдар, мангал орындары мен беседкалар жабдықталып, 40 орындық орнатылды. 8 шілдеге дейін бақылау алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда, – деді спикер баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ бұған дейін Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінің ғимараттарына сәндік жарық шамдары орнатылғанын хабарлаған едік.

Қалалық жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Спикердің айтуынша, биыл орташа жөндеу 35 учаскені қамтиды. Бұл мақсатқа 3,86 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 23 учаскеде жөндеу толық аяқталды, үшеуінде соңғы кезеңде, тағы сегізінде келесі аптада басталады.

Қиыршық тасты жолдарды жөндеу де қатар жүргізілуде. Жоспардағы 46 шақырымның 29 шақырымында жұмыс аяқталды. 

– Көпқабатты үйлер ауласындағы ішкі өтпе жолдарды жөндеу және автотұрақтарды кеңейту үшін қосымша 400 млн теңге бөлінді. 37 000 м² асфальт жамылғысын жаңарту жоспарланған, оның 17 000 м² бүгінде орындалды. Сондай-ақ, тұрғындар өтінішіне сәйкес 2 000 м² шұңқыр жөнделді, – деп мәлімделді.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив