Облыс орталығында тас жолдағы велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының ұлттық чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Салтанатты шараға Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов, Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, халықаралық велоспорт одағының (UCI) комиссары Мартин Бруйн, велоспортшылар және жаттықтырушылар қатысты.
Шара барысында велоспорт саласының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер арнайы марапатталды.
– Бүгін Шығыс Қазақстан облысында бірінші рет тарихи ұлттық чемпионат басталып отыр. Бұл жарыстың ерекшелігі қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына, жастар арасында қазан айында өтетін Азия ойындарына іріктеу жарыс болып есептеледі. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне, спорт басқармасына осындай жарысты ұйымдастырып жатқанына алғыс білдіреміз. Барша өскемендіктерді осы жарысты қолдауға шақырамын, – дейді Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов.
Жарысқа қатысуға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы облысы, Абай облысы, Ақмола облысы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарынан Қызылорда облысы және Шығыс Қазақстан облысынан ең үздік велошабандоздар келді.
23-29 маусым аралығында велоспорт апталығы аясында тасжолдағы велоспорттан ұлттық чемпионат, Қазақстан Республикасының VI Жазғы жастар спорт ойындары, Паралимпиадашылар арасындағы VII жазғы спартакиада, Masters санатындағы ардагерлер чемпионаты өтеді.
Айта кетейік, көпкүндік веломарафонға қатысушылар құздар мен өткелдерден өтіп, Өскемен қаласы мен Ұлан ауданының қиын жерлері мен автожолдардың бұрылыстарын бағындырады және Аблакет, Тарғын, Алмасай ауыл округтары мен Самсоновка, Сағын, Бестерек ауылдарынан өтеді.